«Жылуэнергетика» кафедрасының профессоры GEM-SILKWAY халықаралық жазғы мектебіне қатысады
2024 жылдың 24-30 маусымы аралығында Қырғызстанда, көрікті Ыстықкөлде, Ош мемлекеттік университетінің Үміт курорттық аймағында GEM-SILKWAY халықаралық жазғы мектебі өтуде. Осы айтулы шараға «Жылуэнергетика» кафедрасының профессоры Мерзадинова Гүльнара Тынышбаева спикер ретінде қатысып отыр. Баяндама тақырыбы – «Efficiency Use of Alternative Sources as a Backup Energy Source».
Халықаралық жазғы мектеп Милан-Бикокка университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Ош мемлекеттік университетімен серіктестікте ұйымдастырылды. Жазғы мектеп Green energy management - Silkway Central Asia Edition халықаралық «SILKWAY» консорциумы аясында «Green energy and sustainability development» тақырыбында өткізіледі.
Осы беделді мектептің тыңдаушыларының арасында «Жылуэнергетика» кафедрасының докторанты Макзумова Айнура Кажиакпаровна да бар. Тренингке Италия, Бельгия, Финляндия, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан университеттерінен 20-ға жуық қатысушы қамтылған. Италия, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан және Қазақстанның жетекші ғалымдарының дәрістері жасыл экономиканы басқару, энергетиканы қаржыландыру, жасыл экономикадағы жаңа трендтер, энергетикалық геосаясат, декарбонизацияға көшу, жасыл энергетиканы басқарудағы жасанды интеллект сияқты салаларды қамтиды.
Біздің өкілдердің осындай айтулы іс-шараға қатысуы кафедраның мамандар дайындаудың жоғары деңгейін және олардың халықаралық аренада тұрақты энергетиканы дамытуға қосқан үлесін көрсетеді.