
СТАНДАРТТАР — БОЛАШАҚҚА ОРТАҚ ҚАДАМ

15 қазанда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Дүниежүзілік стандарттау күніне орай «Мен және стандарттар: еліміздің болашағына қосар үлесім» атты ғылыми-практикалық форум өтті. Форумды көлік-энергетика факультетінің Стандарттау, сертификаттау және метрология кафедрасы ұйымдастырды.
Форумның ашылуында ЕҰУ-дың ғылыми жұмыс және коммерцияландыру жөніндегі проректоры Нұрбек Пажарбекұлы Сапарходжаев құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ көлік-энергетика факультетінің деканы Умиржан Шералиұлы Кокаев қатысушыларға жылы лебізін білдірді.
Жиынға техникалық реттеу, стандарттау, метрология және аккредиттеу салаларының өкілдері қатысып, кәсіби тәжірибелерімен бөлісті. Олар ғылым мен өндірістің қазіргі сұраныстарына сай мамандар даярлаудың маңызын атап өтті.
Форум бағдарламасында студенттердің ғылыми жобаларына ерекше орын берілді. «Смарт-стандарттар: өнеркәсіптік трансформацияның цифрлық іргетасы», «Цифрлық метрология: Индустрия 4.0 дәуіріндегі дәлдік» және «Тұрақты даму: тәуекелдерден мүмкіндіктерге» бағыттары бойынша 45 баяндама ұсынылды. Қорытынды кезеңге үздік бес жоба іріктелді.
Қатысушылар «Стандарттар әлемі» зияткерлік викторинасына қатысып, білімдерін сынады. Сарапшылар алқасы студенттердің баяндамаларын бағалап, жеңімпаздарды анықтады.
Форум студенттер, оқытушылар және кәсіби қауымдастық өкілдері арасында өнім сапасы, қауіпсіздік, цифрлық даму және еліміздің тұрақты болашағын қалыптастырудағы стандарттардың рөлі туралы мазмұнды пікір алмасуға мүмкіндік берді.
Қонақтарға, сарапшыларға, оқытушылар мен студенттерге қатысқандары және қолдау көрсеткендері үшін алғыс білдіреміз!
