
Теориядан тәжірибеге: 4-курс логист студенттері Қазақстанның көлік жүйесін сала сарапшысымен талқылады

2026 жылғы 2 қарашада ЕҰУ-дың «Тасымалдауды, қозғалысты ұйымдастыру және көлікті пайдалану» кафедрасының «Логистика» білім беру бағдарламасында оқитын 4-курс студенттеріне арналған «Қазақстан Республикасы көлік жүйесінің қазіргі жағдайы» тақырыбында онлайн дәріс-дискуссия өтті.
Қонақ сарапшы ретінде TransConsulting LLP компаниясының коммерциялық директоры (CCO), көлік және логистика саласының маманы, Қазақстан мен Әзербайжанның халықаралық көлік дәліздері бойынша сарапшы Дастан Оспанов қатысты.
Кездесу «Халықаралық тасымалдар логистикасы» пәні аясында пән лекторы Альбина Салауатқызы Ермұханованың жетекшілігімен өтті.
Дастан Оспанов Қазақстанның көлік жүйесінің қазіргі дамуы мен халықаралық дәліздердің тасымалдарды ұйымдастырудағы рөлі туралы айтып, кәсіби тәжірибесімен бөлісті. Екі сағатқа созылған кездесу ашық диалог форматында өтті: студенттер сұрақ қойып, көлік саласындағы өзекті үрдістерді талқылады.
Мазмұнды кездесу өткізіп, кәсіби тәжірибесімен бөліскені үшін Дастан Оспановқа алғыс білдіреміз. Бұл дәріс студенттерге аудиторияда алған білімдерінің халықаралық логистиканың нақты міндеттерін шешуде қалай қолданылатынын түсінуге мүмкіндік берді.
