
«Тұмар» оқу-сауықтыру орталығы ғимаратының жылумен жабдықтау жүйесінің энергия тиімділігін арттыру бойынша ғылыми семинар









2026 жылғы 27 наурызда университеттің бас корпусында Көлік-энергетика факультетінің «Жылу энергетикасы» кафедрасы ұйымдастырған ғылыми семинар өтті. Семинар «Тұмар» оқу-сауықтыру орталығы ғимаратының жылумен жабдықтау жүйесінің энергия тиімділігін жаңартылатын энергия көздерін кешенді пайдалану арқылы арттыру мәселелеріне арналды.
Семинар барысында «Тұмар» оқу-сауықтыру орталығының жылу және электрмен жабдықтау жүйелерін жаңғырту бойынша ғылыми зерттеу нәтижелері ұсынылды. Жобада жылу сорғы қондырғыларын қолдану, энергия аудитін жүргізу, ауданның гидрогеологиялық жағдайларын талдау және жобаның экономикалық тиімділігін есептеу мәселелері қарастырылды. Зерттеу нәтижелері бойынша күн электр станцияларын пайдалану ғимараттың электр энергиясына деген қажеттілігінің 87%-ына дейін жаба алатыны анықталды.
Семинар қатысушылары зерттеу жұмысына үлкен қызығушылық танытып, Зеренді кентінің климаттық жағдайларын, жел жүктемесін есепке алу, сондай-ақ ыстық сумен жабдықтау үшін күн коллекторларын қолдану және нормативтік-техникалық құжаттарды жаңарту бойынша ұсыныстар берді.
Семинар қорытындысы бойынша ұсынылған ғылыми жұмыс өзектілігі мен практикалық маңыздылығы жоғары деп бағаланып, жобаны тәжірибеге енгізу ұсынылды. Сонымен қатар, энергия үнемдеу, энергия аудиті және заманауи энергетикалық технологияларды енгізу саласында университет пен өндірістік-инновациялық компаниялар арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығы атап өтілді.
